Өнегелі ғұмыр


Алматы облысы Нарынқол ауданы Шәлкөде өңірінен шыққан алғашқы ұстаз, халық жауы атанған Құлмұханбетов Мәлікаждардың өмірбаяны.

Шәлкөде өңірінің тарихында өзіндік ізі бар, халық ағарту саласының алғашқы қарлығашы Құлмұханбетов Мәлікаждар 1900 жылы қазіргі Шәлкөде ауылының аумағында шаруа жанұясында дүниеге келген.

33333

Мәлікаждар Құлмұханбетов жары Бопатаймен

Әкесі Құлмұханбет ескіше сауаты бар, дін жолын қатаң ұстанған жан болған. Жасынан зерек, зерделі жас Мәлікаждар әкесінің жол сілтеуімен алғашқы да мұсылманша оқып хат таныды. 19 жасында Қожбанбет ауылының молдасы болып, дін істерімен қатар жастарды имандылық пен білімге тәрбиелеумен айналысты. Қазан төңкерісінен кейін өз бетінше оқып, жаңаша білім алды. 1922 жылы Алматы қаласынан келген Алаш зиялыларының ақыл кеңесімен бастауыш кластарының мұғалімін даярлайтын алты айлық курста білім алады. Осы білім алу курсынан кейін 1923 жылы Губерниялық оқу бөлімінің №1330 бұйрығымен Біркетмен болысының Қожбанбет мектебіне мектеп меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл мектеп қазіргі Тұзкөл ауылының Қолтық сайында ашылған. Екі басқыш бұл мектепте 12 мен 25 жас аралығындағы 25 бала Шәлкөде өңірінің әр ауылынан келіп оқыды. Мектепте екі мұғалім оқытушылық қызмет атқарды: 1. Құлмұханбетов Мәлікаждар- директор әрі мұғалім, 2. Қалдыбаев Айдархан- мұғалім. Осы мектеп Шәлкөде өңіріндегі ең алғашқы жаңаша білім беретін білім ордасы болды. Оқушылар еденде отырып жазу-сызуды тақтайшаларға жазып үйренуден бастаған. Құлмұханбетов Мәлікаждар күндіз оқушыларды оқытып, кешкі мезгілде ересектерді сауаттандыру ісімен айналысты. Кейіннен өзі ашқан бастауыш мектепті бастауыш жеті жылдық мектепке айналдырды. Мектеп Шәлкөде өңірінің мәдени- білім ордасына айналып, жаңа заманның жыршысы болды. Ал мектеп басшысы бүкіл аудан тіпті облыс көлемінде М.Құлмұханбетов ақын, публицист ретінде жаңа заман тұрмыс- тіршілігін баспасөз беттерінде жазып насихаттау арқылы зиялы азамат ретінде танылды.

1925 жылы Қожбанбет ауылында аудандық кеңес шешімімен Қожбанбет ауылында мектеп үйін салу ұйғарылды. Бұл істі ұйымдастыру ұстаз М.Құлмұханбетовке тапсырылды. Түтін басы бір қойдан жинап 80 қойға Текестегі Солдатенко деген көпестің үш бөлмелі ағаш үйі сатып алынып, өгізбен тасылып, сол жылы мектеп үйі салғызылды. Сөйтіп, алғашқы төрт жылдық бастауыш мектеп дүниеге келіп жұмыс істей бастады. Құлмұханбетов Мәлікаждар 1932 жылы Кеген аудандық оқу бөлімінің №46 жарлығына сәйкес Шәлкөде ауылындағы Жылыбұлақ кохозындағы мектепке директор болып тағайындалды, ал 1934 жылы оқу бөлімінің №4 жарлығымен аудандық оқу бөлімінің инспекторлығына ауыстырылды. Кеген аудандық партия комитеті 1935 жылғы 2 – ақпандағы бюро мәжілісінің қаулысымен Құлмұханбетов Мәлікаждарды Жалаңаш ауылындағы орта мектепке мектеп директоры етіп тағайындады.

1936 жылы Кеген аудандық оқу бөлімінің №197 жарлығымен Шәлкөде ауылындағы Тұрар колхозында ашылатын орталау мектепке директор болып тағайындалады. Жарлықта көрсетілгендей мектеп ашылып, директор тағайындалғанымен бала оқытатын үй- жайы болмаған. Сол жылы Құлмұханбетов Мәлікаждар халықтың көмегіне сүйеніп мектеп үйін салуды бастайды. Мектеп үйін салуға Сәрсебай, Насыр, Қамыр сияқты ағаш ұсталары ауыл тұрғындарымен бірлесе ат салысқан. Сол төбесінде шатыры жоқ мектеп үйі 1955 жылы колхоздар ірілендірілгенге дейін «Соцалистік Қазақстан» колхозында болып, сол кездегі Шәлкөде өңіріндегі 9 колхоздың бастауыш мектептерін бітіріп келген балалар оқып- білім алатын бірден- бір орталау мектеп болды. Бұл мектеп 1955 жылы С.М.Киров атындағы колхозға көшірілді. Мектеп үйі Шәлкөде ауылында әлі де бар. Құлмұханбетов Мәлікаждар Нарынқол аудандық оқу бөлімінің 1940 жылғы №310 жарлығына сәйкес Елтай бастауыш мектебіне меңгеруші болып тағайындалады, ал 1942 жылғы 26 тамыздағы №179 жарлығына сәйкес Карл Маркс орталау мектебіне директордың орынбасары болып ауысты. Осы жұмысты атқарып жүрген кезінде 1942 жылдың қарашасында тұтқынға алынады. Сондағы М.Құлмұханбетовке тағылған айып: «өзі оқытқан шәкірттерімен бірге Жапония агенті болып, елге сатқындық жасады». М.Құлмұханбетовпен бірге Шәлкөде өңірінен 59 азамат репрессияға ұшырады. Осылардың 12- не ғана ақталып, туған елге қайту бақыты бұйырды.

М.Құлмұханбетов темір тордың ар жағында жүріпте ел- жер тарихын, ауыл өмірін өлеңдеріне арқау етіп шежіре жазумен айналысқан. Ол кісінің үш баспа табақ шежіресі НКВД тартып алған соң, Мұхтар Әуезов атындағы әдеби институттың қол жазба қорында 1960 жылға дейін сақталған. Жазықсыз жаламен 14 жылға сотталып Сібірге айдалған М.Құлмұханбетов ешқандай кінәсіз, өмірінің нағыз кемелденген шағының 14 жылын еңбек лагерінде өткізді. Тек 1956 жылы Түркістан әскери трибуналының шешімімен ақталып, туған елге келіп бұрынғы ұстаздық ісін қайта жалғастырады. Шәлкөде өңірінде жаңаша білім беру, мектеп ашу істерінің алғашқы қарлығаштарының бірі М.Құлмұханбетов 1958 жылы ауыр науқастан соң қайтыс болды. Артында 7 ұл мен қызы қалды. Жұбайы Бопатай 1944 жылы еңбек майданында алған жарақатынан қайтыс болған.

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

Connecting to %s